![](/Women-Beauty-Evolution.jpg)
«Талғамға – талас жоқ», «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген сөздер бар. Әйел әдемілігі қай заманда да бағаланудан кенде емес. Бірақ әр уақытта әдемілік туралы көзқарас өзгеріп отырды. Тарихқа көз жүгірте отырып, әйел әдемілгі туралы ондықты жариялап отырмыз.
10 орында: Ежелгі Египетте еріндері торсиған, өріктің сүйегіндей түбі сүйірленіп келетін көздері бар сымбатты әйелдерді әдемілік идеалы ретінде таныған. Көз жанарлары шарасынан шыға жанып тұруы үшін әйелдер «Ұйқы гүлі» деп аталатын өсімдік шырынын көздеріне тамызатын болыпты. Көкшіл көзді әйелдер – ең көрікті әйел санатына жатқызылған. Сондықтан да египеттік әйелдер көздерінің айналасын жездің жасыл қағымен сүрмелеп, одан қалса, тырнақтары мен өкшелерін де жасылға бояп жүрген.
9 орында: Мая елінің әйелдері денелеріне өте жабысқақ әрі исі мүңкіген қызыл май жаққан. Осы әрекеттерінен кейін маялық қыздар жіптіктей әрі жібектей жұмсақ денелерімен кез келген еркектің жүрегіне шоқ салатын болыпты.
8 орында: Ежелгі Қытайда әйел әдемілігінің иедалы ретінде – аяқтары кішкентай өте нәзік әйелдер саналған. Ешбір қытайлық еркек өз еркімен үлкен өлшемді аяқ киім киетін қыздарға үйленбеген. Сондықтан да шешелері кішкентай кезінен бастап қыздарының аяқтарын қатты тартып байлап тастайтын болған. Сондай-ақ, Ежелгі Қытайдағы еркектердің ең бір қасиетті белгісі – ұзын шаштары болыпты. Ер-азаматының шаштарын жылтырата тарап, әдемілеп өріп бере алатын қыздар да әйел әдемілігінің идеалы саналған.
7 орында: Ежелгі Грекияда бұлшық етті адамдар мәдениеті орнаған. Әдемі дененің көшбасында тұрған Афродита мүсінінің ұзындығы – 164 см, кеудесінің аумағы – 86 см, бөксесі – 93 см, белі – 69 см. Дөңгелек жүзді, қыр мұрынды, тостағандай көздері бар грек әйелдері әдемі саналған.
6 орында: Ежелгі Римде денесі мақтадай ақ, шаштары да күннің сәулесімен шағылысқан сарғыш немесе ақшыл түсті болып келетін әйелдер сұлу саналған. Қазіргі кезде көп қолданылатын шашты түссіздендіретін қоспаны ең бірінші осы римдік әйелдер ойлап тапқан.
5 орында: Орта ғасырларда сұлулықты ел алдында паш етіп, оған сұқтана қарау – күнә саналған. Шашты түрлі түске бояу – табиғат заңдылығына қарсы шығу деп саналған. Толық немесе ебедейсіз тән кемшілігін ауыр әрі бірнеше қабатты матадан тігілген көйлектің астына жасырған. Бастарына түрлі қалпақ киіп, әдемі әшекейлі түйреуіштер тағу сәнге айналған. Сол уақытта әдемілік иедалы ретінде әйел әулие Мария есімі кеңінен таралған.
4 орында: ХІІІ ғасырдың басында әлем мәдениетінде әйелдерді раушан гүліне теңеу дәстүрге айналған. Яғни, нәзік, талдырмаш, сұңғақ бойлы қыздар әдемі деп саналған. Артық етті, салмақты қыздар бұл санатқа қосылмаған. Сондықтан да болар, сол заманда кеудесі үлкен әйелдер де еркектің көзіне түспеуге тырысқан.
3 орында: Қайта өрлеу дәуірінде өңі сұрланған, аққу мойын және ашық маңдайлы қыздар әдемілік символы ретінде танылған. Маңдайларын жарқырата көрсету үшін қыздар жастайынан кекілдерін қырып, қастарын жұлып әлекке түскен. Мойындары ұзын көріну үшін, омырауларына дейін ашық көйлек кию дәстүрге айналған.
2 орында: Рококо заманында шаш сәніне аса мән берілген. Осы заманды шаштараздар заманы десек артық айтқандық емес. Тым қымбатқа түскен шаш сәнін ұзағырақ сатау үшін әйелдер отырып ұйықтауды әдетке айналдырған. Тіпті, апталап ұйықтамауға, бастарын жумай, тарамай, сол қалпында жүруге тәуекел еткен. Испанияның ханшайымы Изабелла Кастильская өз өмірінде екі-ақ рет: өмірге келгенде және тұрмысқа шығу тойының алдында ғана шашын жуғанын айтыпты. Рас-өтірігін кім білсін?
1 орында: ХХ ғасыр. Заман өзгерді. Қазір, жасанды сұлулықтан көрі ақыл мен ойға көбірек көңіл бөлетін уақыт. Ал әйелдердің ең басты жетістігі – олардың бостандығы. Яғни, қалағаныңша киін, қалай болса, солай боян, ешбір шектеу, белгілі бір қағида жоқ.
|